Главная > Мұғалімдер күні, Шығармалар > ұстаз - Киелі мамандық

ұстаз - Киелі мамандық


24-01-2014, 18:48. Разместил: janar
Киелі мамандық
Жалғанда ұстаз көрмеген, я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылық шексіз.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы», – деген Ғафу Қайырбековтің өлең жолдары соған дәлел болса керек.
Біз де мұғалім болып көктен түсе салмадық. Бізді де ұстаздар барын беріп, нәрін татқызып баулыды, өмір жолына салды. Ондай асыл жанды тұлғаларды әсте ұмытуға бола ма?! Жоқ!
Иә, ұстаз – мақтан тұтар ма­ман­дық. Адам Ата һәм Хауа Анадан бері жұмыр басты пендені алға жетелеп келе жатқан – киелі мамандық.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икем­ділікті, шеберлікті, мейірім­ді­лік­ті қажет ететін ұстаздық маман­дық.
Ұстазға ұстаз бола білген адам ең бақытты адам дер едім. Мен үшін шоқтығы биік сондай ұстаз – марқұм Темірболат Дәйкенов.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойын­дағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ес­кендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп өткен екен. Әрине, бұрын­ғы қазақ даласындағы ағар­ту­шылық қызмет балаға жазу-сызу, оқуды үйретумен шектелсе, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғы­лым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңіс­тігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбие­лейді. Бұл – нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.
Ал ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Әрине, ол өз кәсібінің білгірі, рухани күш-жігері мықты, парасат-қуаты биік болуы тиіс.
«Ұстаз» сөзінің екі түрлі сипаты бар. Бірі – белгілі пәннен сабақ беретін оқытушы да, екіншісі – жоғары беделді адамдарға ықпал етуші дана адам. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай «тентекті» жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі-өнеге болған сүйікті мұға­лімін ұстазым деп атайды. Даныш­пан Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйре­туден балаға», – деген өлең жолдары осындайда ойға оралады.
Ұстаздық жолда тегеурінді талпыныс жасап жүрген һәм тәжірибелі мұғалімдер біздің арамызда да аз емес. Солардың қатарында Б.Құсманова, Г.Қа­дырханова, М.Оспанова, Н.Елеу­сізова, т.б. бар.
Қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», - деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нә­ти­жесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жа­зылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. Барлығы да өзімізге бай­ланысты» деген екен бір дана кезінде.
Ұстаз өзін өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Енде­ше, бүгінгі білім мен білік бәсе­келес заманда ұландардың биік­тен көрінуіне күнделікті істегі жаңа­шылдық, жан-жақты берген тәрбие арқылы қол жеткізуге болады. Оны мүлтіксіз атқаратын – тек өз ісіне шын берілген киелі мамандық иелері ғана.
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,
Бесқарағай мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Павлодар облысы,
Лебяжі ауданы.

Вернуться назад