Главная > Шығармалар > Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасының тақырыбы мен композициялық құрылымы
Сәкен Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасының тақырыбы мен композициялық құрылымы29-06-2016, 07:21. Разместил: janar |
Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасының тақырыбы мен композициялық құрылымы Сәкен Сейфуллин – қазақ поэзиясындағы көрнекті лирик ақын. Сәкен лирикасы әр алуан тақырыпты қамтиды. Ол өз шығармаларында туған өлкенің бай табиғатын, махаббат сезімін, адамның көңіл күй әсерлерін айнытпай суреттейді. Ақын шығармаларында сан алуан тақырып: балғын балалық шағы, жалынды жастығы, тамсандырған туған өлке сұлулығы шабыттана жырланады. Сәкен шығармаларының ішінде көркемдігімен, мазмұндық ерекшелігімен халық арасына ең көп тараған шығармаларының бірі – «Көкшетау » поэмасы. Қазақ даласының таңғажайып сұлу өлкесі – Көкшетау Сәкен Сейфуллин поэзиясында жан- жақты, айшықты жырланды. Ойшыл, сыршыл ақын өз шығармасында табиғат сұлулығын келістіре жырлай білді. «Көкшетау» поэмасы – ақынның туған жерге деген махаббатының, ақындық шабыты мен суреткерлік шеберлігінің айғағы. Халық ертеден-ақ өмірге келген сәттен бастап қуанышы мен қайғысының, шаттығы мен ашу-ренішінің куәсі болып келе жатқан туған жер табиғатын әнге қосып шырқап, жырға қосып мадақтаған. Мұндай жырларда жерді жырлау жалаң күйде алынбайды, халық тарихындағы елеулі бір көріністермен байланыстырылады. Табиғат – поэзия көзі. Көкшетау өңірі де талай ақынды толғандырып, талай ақынның шабытына арқау болып, талай ақынның небір нәзік сезімін оятып, шабытын шалқытқан қазақ даласының көрікті жері. Көкшетау өңірі туралы қалам тербемеген ақын, жазушы сирек десе де болады. Көкшетауға байланысты халық арасында небір аңыз-әңгімелер айтылады. Көкше өңірі – қазақ даласындағы небір айтулы оқиғалар өткен тарихи өлке. С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы да осындай ел аузындағы аңыздар желісіне құрылған. Ақын жер сұлуы Көкшетауды өз елінің тарихымен және оның ізгілік жолындағы күрестерімен сабақтастырады.Халықтың тарихи өмірін бейнелеу – басты тақырыптың бірі. Бұл әдебиетте маңызды тақырып болып саналады. Өз елінің тарихын білмеу, оған немқұрайдылықпен қарау – бұл кешірілмейтін іс, ол адам отанының адал перзенті бола алмайды. Поэма тақырыбы – қазақ халқының XVIII ғасырдың орта кезеңінде басынан өткізген тағдыры, жаугершілік заман шындығы, идеясы – ел мен елдің жауласуының, шапқыншылық пен қантөгістің себептері. Сәкен поэмада көрші отырған екі елдің – қазақ пен қалмақтың көптеген жылдар бойы жауласып келуінің себебі хандық құрылыспен, оны басқарып отырған бай-манаптардың мүддесімен байланысты екенін көрсетеді.Олар халықтың қараңғылығын пайдаланып бейбіт елді бір-біріне айдап салып отырған. XVIII ғасырдың орта кезеңі еліміздің тарихындағы ең бір қасіретті жылдар болды. Жоңғар хандары қазақ еліне дүркін-дүркін шабуыл жасаумен болды. Қазақ халқына құрып кету қаупі төнді, Ел басына ауыр күн туды. Сәкен поэмасына арқау болған да осындай жаугершіліктің бір көрінісі. Поэмада сол кезеңдегі Абылай хан бастаған кезекті бір шапқыншылық туралы сөз етіледі. Ел басына күн туған қиын заманда Абылай қазақ халқын тоз-тоз боп жойылып кетуден сақтады. Көрші елдермен мәмілегерлік келісімдер жүргізіп, олармен елшілік қарым-қатынасты жақсартты. Абылай – қазақ халқының тарихындағы қайратты қаһарман, батыл қолбасшы, шебер ұйымдастырушы, дарынды мәмілегер, өз елін беріле сүйген, оның келешегі үшін қатты алаңдаған мемлекеттік дәрежедегі ұлы қайраткер болған. Абылай хан – әлеуметтік-қоғамдық істерде шешуші қызмет атқарған, күрделі, тарихи тұлға. Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында Абылайды таптық тұрғыда сипаттайды. Сол кезеңге байланысты көлеңкелі тұстарын көрсетеді. Шығармада Абылай хан бастаған қолдың қалмақ еліне жасаған шабуылы кезіндегі қатігез әрекеттер суреттеледі. Сол кездегі жаугершілік жағдайларында белең алған түскен «олжаға» құнығып бөліске салу салты айыпталады. Абылай хан бойынан сол кездегі ахуалдың, саясаттың ықпалы білінеді. Бірақ Абылай және оның әскері шығарманың басты кейіпкерлері емес, басты кейіпкерлер – Адақ мерген мен тұтқын қыз. Жаудан түскен олжаны бөліске салғанда, тұтқын қызды олжаға алғысы келген сарбаздар мен хан арасында талас туады. Ару қызды қай-қайсысы да иемденгісі келеді. Біріне-бірі қимай, амалсыздан таңдауды қыздың өзіне береді. Ақынның суреттеуінде қалмақ қызы – өзі сұлу, келбетіне заты сай, ақылды, адамгершілігі мол, сүйіспеншілігі тұрақты аяулы жан. Қыз өзіне таласқан сарбаздарды сынау үшін оларға үш түрлі шарт қояды. Шарттың бірі – қыз жұмбағын шешу. Алайда қыздың шарттарын ешкім орындай алмайды Ақылды қыз өзінің шарттары арқылы хан маңайындағы адамдардың даңғой, даңққұмар, ақылсыздау адам екендігін ашады. Осы ретте қызды басындағы мұңнан, тордан құтқаратын кейіпкер көрініс береді. Жас, батыр жігіт Адақ қыздың үш сынынан да өтеді, жұмбағын да шешеді. Сұлу да ақылды қызды жеңіп алған Адақ қызға баға жетпес байлық – бостандық сыйлап, туған еліне қайтарады. Астындағы атын – Керкөжегін де сыйға тартады. Адақтың әрекетінен зорлық-зомбылық, әділетсіз қара күшті жеңген ақылдылық, биік адамгершілік көрінеді. Поэманың негізгі оқиғасы – жауыздықты әділдіктің жеңуімен аяқталады. Ақынның елін, жерін, ата-анасын, сүйген жарын сағынып Керкөжекпен құстай ұшып бара жатқан Қалмақ қызының бейнесін суреттеуі еркіндіктің, бостандықтың асқақ жыры іспетті. Адақ бейнесі – халық бейнесі, Халықтың батырлығының, ерлігінің, елдігінің, намысының бейнесі. Поэманың негізгі тақырыбы – хандық құрылыстың ішкі-сыртқы қайшылығы. Идеясы – Адақ пен қалмақ қызы мүддесінің жақындығы, халықтың, адамның бостандығы. Қазақ әдебиетіндегі бұрынғы дәстүрлі поэмалардың көпшілігі не халық аузындағы аңыздардан, не шығыс әдебиетінен алынған белгілі сюжет бойынша баяндалады. Бір оқиғадан кейін екінші оқиға туындап отырады. С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы көптеген ерекшеліктерді шығарма композициясымен байланысты айтуға болады. Бұл поэма – ұзақ- сонар баяндауға құрылған бір ырғақтағы шығарма емес, әрқайсысы жеке-жеке аталатын 4 бөлімнен («Көкшетау», «Қалмақ қызы», «Әнші ақындар», «Қазіргі Көкшетауда»), 47 тараудан тұрады. Ақын, ең алдымен, поэмадағы оқиғаларға қатысты өз ойын, көзқарасын білдіреді, сонымен қатар бұл шығарманы өз елінің озық ойлы, өнерлі ақын-жазушы, әншілеріне арнайтынын айтады. Поэма прологі көркем, шыншыл, тереңдігімен адам жүрегін баурап алады. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын, Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен-сауын, – осы бір төрт жол жансызға жан бітіріп, қиялыңды қияға шарықтатқандай... Тылсым табиғат сенің көкірегіңдегі құпияңды түсініп, оның ойы сенің ойыңмен үндесіп жатқандай бір сезім пайда болады. Ақын шығармасында «Оқжетпес», «Бурабай», «Жұмбақтас», «Кенесары үңгірінің» ғажайып сипатын бере отырып, «Әнші ақындар» бөлімінде осы Көкшетау өңірінен шыққан әйгілі ақын, әнші, сері, палуандар бейнесін суреттеп өтеді. Олардың өмірдегі алар орнын, халқына еткен қызметін, кейбір ерекшеліктерін, тағдыр талқысындағы бастан кешірген қиын жағдайларын да бейнелеп береді. Қазіргі Көкшетаудағы жаңа қоғамдық өзгерістерді, ел тұрмысына енген жаңалықтардың мәнін де айта кетеді. Ақын өз халқының өткен өміріндегі оқиғаны саралайды, оның бүгінгі өміріне, келіп орнығып жатқан тың өзгерістерге шын көңілімен қуана отырып, оның болашағы үшін де толғанады. «Көкшетау» поэмасын оқи отырып, Көкшенің маржан сөзбен өрнектелген қайталанбас әуені, сұлу көрінісі көз алдыңа елестейді. Ақын туған жер сұлулығын, аңыздары мен тарихын зор шабытпен әсерлі суреттейді. «Көкшетау» күрделі композициялы, бірнеше сюжеттік желіден құрылған, сарынды поэма. Шығарма оқиғасы қызықты, тарихи мәні бар тартымды сюжетке негізделген. Оқиға өрісінде қазақ халқының ежелгі ұлттық ерекшелігі байқалып отырады. Поэмада табиғат, махаббат сұлулығы, өнер сұлулығы қиюласып, әсем үндестік тапқан. «Көкшетау» поэмасы қазақ поэзиясының қымбат қазынасы болып қала бермек. Вернуться назад |