Главная > Халық композиторларының әндері > Абайдың әндері

Абайдың әндері


16-03-2011, 18:58. Разместил: janar

 Айттым сәлем, қаламқас

 

Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғанда сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас.

 

Сенен артық жан тумас,

Туса туар артылмас.

Бір өзіңнен басқаға,

Ынтықтығым айтылмас.

 

Асыл адам айнымас,

Бір бетінен қайырылмас.

Көрмесем де, көрсем де,

Көңілім сенен айрылмас.

******

Көзімнің қарасы

 

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді іштегі,

Ғашықтық жарасы.

 

Қазақтың данасы,

Жасы үлкен ағасы.

«Бар» демес сендей бір,

Адамның баласы.

 

Жылайын, жырлайын,

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде,

Қалқама сөз дайын.

 

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын.

******

Желсіз түнде жарық ай

 

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны – терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

 

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі.

******

Қараңғы түнде тау қалғып

  (Гётеден)

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

 

 

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

*****




Вернуться назад