» » » » Зейнеп Ахметова Тілашар қазақта бұрыннан бар
Информация к новости
  • Просмотров: 5084
  • Автор: janar
  • Дата: 8-09-2011, 13:32
8-09-2011, 13:32

Зейнеп Ахметова Тілашар қазақта бұрыннан бар

Категория: Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер » тағы басқа

«ТІЛАШАР» ҚАЗАҚТА БҰРЫННАН БАР
Естеріңізде болса, біз тек қана балаға қатысты тойлардың мән-маңызы мен сол қуанышты күннің өткізілуі жөнінде бұрынғы мен бүгінгінің ұштасып, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың қайта жаңғырып жатқаны жөнінде айтып келеміз. "Той десе, қу бас домалайды" дейтін біздің халықтың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі - титімдей қуанышын жұртқа айтып, көпшілікпен бірге тойлап, қызығын жария етіп, жар салатындығында. Кез келген қуанышын ағайын-туғанмен бөлісетін қазақтың тағы бір тойы - "Тілашар" туралы тұрақты кейіпкеріміз Зейнеп апай не дейді екен, сонымен...

 


БАЛАСЫНЫҢ ҚАРА ТАНУЫНА МӘН БЕРГЕН ХАЛЫҚ 
"Тілашар" дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: "Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы - сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды", - деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдерісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, "сауатсыз едік", "қараңғы едік", "оқымаған надан едік" дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан "Тілашар" дәстүрі қайдан шыққан? "Тілашар" дегеніміз - баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі, ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа-молдаларды ұстаған. Баласын алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптыаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. "Тілашар" дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастарқан жасап, үлкендерден бата алған.

Таудай болсын талабың, 
Ашылсын тілің, қарағым. 
Оқу сіңіп санаңа, 
Жарқырай берсін қабағың. 
Мақтанышы бола біл. 
Ата менен анаңның! - деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: "Молдеке, сүйегі - біздікі, еті - сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз", - деп тапсырады екен. Әрине, ол заманның оқуы мен бүгінгі дәуірдің сабағын да, ұстазын да салыстыруға болмайды. Алайда мұсылманша әріп танып, оқу-жазуға көзіқарақты болғандардан қазақтың небір ғұлама ғалымдары, классик ақын-жазушылары шықты емес пе?! 

ТАЛМАЙТЫН ТАЛАП БЕРСІН! 
Әлі есімде, мен мектепке барған 1952 жылы анам көрші-қолаң, жақын ағайын-туысқа кішігірім той жасады. Сонда 83 жастағы Қамқа дейтін әже маған: "Әй, тентек, қасыма жақын кел! Мен баяғыда "иманшарт" пен "әптиекті" оқығанмын, тілашарыңды өзім жасайын. Түф, түф, түф!" деп дем салғандай ма, түкіргендей ме, ырым жасап: "Талмайтын талап берсін, самғайтын қанат берсін!" деп бата беріп еді. Қамқа әженің сөзіне қарағанда, қазақтың бұрынғы қыздарының да мұсылманша оқу-жазудан қаражаяу болмағанын көреміз. 
Құдайға шүкір, қазір той көп. Жақсылықтарын жария етіп, қуанышын дария етіп жүретін тілеуқор халқымыздың балаға арналған тойының бірі - "Тілашар". "Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын" білім ордасы-мектептің есігін перзентінің алғаш ашуы - ата-ана үшін де, бала үшін де зор қуаныш, өмірдің бір белесі. Сондықтан әркім шама-шарқынша бұл күнді атап өтіп, есте қалдыруға тырысады. Қалтасы қалыңдар үлкен мейрамханаларда "Тілашар" тойын дүбірлетіп өткізіп жүр. Жағдайы келсе, неге жасамасқа?! "Берсең, балаға бер" демей ме, дана халқымыз... Алайда балаға бағышталған той сол баланың есінде ұзақ қалатындай сәнді, үлкендерден үлгі-өнеге көріп, олардың ықыласына кенелетіндей мәнді өтіп жүр ме? Өзіміз қатынасқан талай "Тілашар" тойлардағы дастарқанда арақ-шараптың неше түрі тізіліп тұрады. Құлақты тұндыратын даңғаза әуен, селкілдеп қиралаңдаған би. Елді күлдірем деген оймен анекдот айтып, қайта-қайта "ду қол шапалақ" деп жұрттың зықысын шығаратын жадағай асаба... Балаңызға той арнаған ниетіңіз қабыл болсын, бірақ жоғарыдағы көріністерден қандай тәлім, ұлағат алуға болады? Осы жайлы ойланып көрдік пе? Өз басым бала мұндай тойлардан үлгі-өнеге көреді деп ойламаймын. 

БАЛА ТОЙЫНЫҢ БАСТЫ ҚОНАҚТАРЫ БАЛАЛАР БОЛСА... 
Меніңше, ең алдымен, үлкенге де, кішіге де көңілді болатын ұтымды жоспар жасалуы керек. Тойға тек ересектерді емес, балаңыздың тең тұстарын шақырыңыз. Соларға арналған қызықты ойындар ұйымдастырып, олардың өздерінің өнер көрсетуіне, яғни тақпақ айтып, ән салып, би билеуіне көбірек көңіл бөліңіз. Балаларға шағын болса да ескерткіш сыйлық әзірлеген жөн. Ал үлкендер бір сәт баламен бала болып қуанышын бөлісіп, көтермелеп-қолпаштап, тойды есте қалатындай етіп мағыналы, салтанатты өткізуге атсалысулары керек. Тойға келгендер ізгі ниет баталарын "Ақ тілек" альбомына жазып қалдырса, бұл балаға рухани күш-қуат береді әрі келешекте үлкен ескерткіш болады. Ең бастысы, дастарқанға қымыз, шұбат, жеміс сусындары қойылып, қазақтың әдемі әні айтылып, күйі күмбірлеп жатса, тойыңыздың мәртебесі аса түседі. Өз отбасымызда немереміз Нұрсұлтанның "Тілашар" тойын осылай өткізген едік. Мен өзгеге ақыл үйретіп, жол көрсетуден аулақпын. Тек немеремнің тойы жайлы қысқаша айтып, жас ата-аналармен тәжірибе бөлісуді жөн көрдім... 
13 жасты "мүшел жас" дейміз. "Мүшел жастың" не ерекшелігі бар? Қазақ халқы "мүшел жасқа" не себепті мән берген? Бұл жайлы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар. 

Дайындаған 
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Уважаемый посетитель, Вы зашли на сайт как незарегистрированный пользователь.
Мы рекомендуем Вам зарегистрироваться либо войти на сайт под своим именем.
Для зарегистрированных пользователей реклама отключена.

Добавление комментария

Имя:*
E-Mail:
Комментарий:
Полужирный Наклонный текст Подчеркнутый текст Зачеркнутый текст | Выравнивание по левому краю По центру Выравнивание по правому краю | Вставка смайликов Вставка ссылкиВставка защищенной ссылки Выбор цвета | Скрытый текст Вставка цитаты Преобразовать выбранный текст из транслитерации в кириллицу Вставка спойлера
Вопрос:
Қазақстанның астанасы -
Ответ:*
Введите два слова, показанных на изображении: *
^