Интернет-магазин Flip.kz

Мектеп бітірген ініге Тамада кітабынан

Ат жалын тартып мін, інім,

Білімнің ұстап құрығын.

Жарқырай түсер ұлы күн,

Сыйласаң жүрек жылуын.

 

«Он үште отау иесі»,

жиырма бес десе жөн бөлек.

Үлесіңді қос тиесі,

Ерінбе, ізден, еңбек ет.

 

Компьютер сенің ғасырың,

Ғылымның жеткін шегіне.

Ақтарғын ойдың асылын,

Ұмтылып ғарыш көгіне.

 

Намысын кекке қайраған,

Найзағай сынды бол батыр.

Көз тіккен саған айналаң,

Алдында асу жол жатыр.

 

Қанатын қағар жыл жылдам,

Келеді ертең жаңа ұрпақ.

Аумай бір тұрсаң жұлдыздан,

Қарайды жұртың таңырқап.

 

Толығырақ...


Мектеп бітіру тойы Тамада кітабынан

Мектепті, балам, бітірдің,

Самғатты қиял ғарышқа.

Қанаты арман құсының

Апарсын сені алысқа.

 

Кешегі шәкірт бала едің,

Қарайсың бүгін жігіт боп.

Шарлаған арман әлемін,

Шыңдарға шыңнан биіктеп.

 

Отаның сипап маңдайдан,

Аямас сенен жақсысын.

Ізде, тап, қиыр-шалғайдан

Еліңе қажет бақ құсын.

 

Асқарға қолың соз балам,

Бәйгеге түс те, бақ сына.

Намысқа тиер озбаған,

Қол соғар жұртың жақсыға.

Ғылым қу, елге ет еңбек,

Маман бол қажет білікті

Өресі биік екен деп,

Мақтайды жампоз жігітті.

 

Білімді басқа жастадың,

Ғылымды іздеп үңіліп.

Өмірге сапар бастадың,

Алдыңда күліп тұр үміт.

 

Өмірден енді дәріс ал,

Білім мен ойды қоса ұштап,

Самғауға, балам, барын сал,

Қанатың болсын аттестат.

 

Түсініп жөн мен жобаны,

Ер жеткен жансың жетелі.

Шыңдарда ғана болады,

Қыранның салған мекені.

 

Толығырақ...


Тост-тілек пен дос-тілек кітабынан соңғы қоңырауға

Соңғы қоңырау

   Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік – бүгін, міне, он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.

   Қымбатты ұстаздар! Осы жылдар бойы бізге білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға алғысымыз шексіз! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп үміттенемін.

   Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым, сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін.Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!

                                                    *******

    Біздің құлағымыз мәңгі күмбірлеп тұратын күміс қоңыраудың ең алғашқы жарқын үні мен соңғы да болса мұңды, салмақты әсем сыңғыры. Ұстаздарымыздың қимас сезімдегі жанары мен мектебіміздің ақ баталы қариядай бейнесі бәріміздің жүрегімізде үлкен үміт, нық сенім ұялады.

   Өмірдегі сара жолды кешегі шәкірт біз нақ осы сәттегі толқыныстан, тебіреністен, сезім арпалысымен бастаймыз. Әрине, қимаймыз, көзімізге жас та аламыз.

   Сіздермен қимастықпен қоштасып тұрып, әлі де талай өрендерді білім нәрімен сусындатып, қанат қақтыра берулеріңізге тілектеспіз!

                                        *****

Толығырақ...


Мектеп бітіру кешінде айтылатын тілектер

Кемел Кеніштен

  Үлкен өмірге қанат қағып барасың. Қанатың талмасын, биіктерге шырқа! Жоғарғы оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітіруіңе тілектеспін. Таңдаған мамандығыңның мықты маманы, кәсіпқойы бол! Мектеп өмірі артта қалды, алдыңда күтіп тұрған

жаңа өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей өте беруіңді тілейміз!

**************

   Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік, бүгін міне он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.

   Қымбатты ұстаздар! Он бір жыл бойы бізге білім беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға үлкен рахмет! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп сенемін.

   Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым,

сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін.

Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, әр саланың мықты мамандары болып еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!

************

   Аса құрметті осынау алтын ордаға «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» менің сыныптас достарым!

   Бүгінгі күні бәріміз өзіміздің алтын ұямыздан «өмір» атты ұлы тауды бетке алып ұшып бара жатқанымызда айтар тілегім: қайда жүрсек те, қайда болсақ та, қанша жасқа келсек те бір-бірімізді ұмытпайық.

   Әрқашан жадымызда есімімізді жаңғыртып жүрейік. Өйткені туған жеріміз ортақ, тіліміз, дініміз ортақ, оқыған мектебіміз, ұстаздарымыз ортақ, заманымыз, қоғамымыз ортақ, ең бастысы алтын шаңырақты, күміс уықты, киелі керегелі еліміз, арман – тілегіміз ортақ. Сондықтан қадірлі достар, Қорқыт бабамыз айтқандай «қара орманымыз шайқалмасын, қара тауымыз бүгілмесін, аққан дариямыз сарқылмасын, Түркі дүниесі түгел болсын!» Бұл тілектер, сыныптас достар, біздің бойтұмарымыз болсын!

   Болса да өзге жүрек,

   Адамға адам – тірек.

   Сыныптастар мынау,

   Сіздерге айтар тілек:

 

   Дана сүйер ел бол,

   Ар ойлаған бай бол.

   Ең бастысы, АДАМ

   Атымызға сай бол!

************

   Құрметті бүгінгі салтанатты кешке жиналған қадірлі ұстаздарымыз, ата-аналарымыз және менің қимас достарым!

   Міне, біз бүгін «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» ыстық ұямыз – мектебімізбен, бізді 11 жыл бойы оқытып, тәрбиелеген аяулы ұстаздарымызбен қоштасқалы тұрмыз.

   Енді біздің құлағымыз күмбірлеген күміс коңыраудың үнін естімейді.

   Енді біз ең қызықты сәттерімізді өткізген мынау мектептің ауласында жарыса жүгіріп, сыныбымыздағы парталарға таласа тармаса отырмаймыз.

   Енді біз 11 жыл бойы біздің «еркелігіміз бен тентектігімізді» көтерген апайларымыз бен ағайларымыздың сабақтарында отырмаймыз, тақтаға шығып сабақ айтпаймыз!

   Біз осы мектепте ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесін ала жүріп болашағымыздың іргетасы – фундаментін қаладық. Дәл қазір сол күндерге деген сезімді бастан өткеріп мұңайсақ та, ертеңгі болашағымызды ойлап жүрегіміз лүпіл қағып тұр!

Менің сыныптас достарым! Сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік жар болсын, жетістіктерге қол жеткізіңіздер, өмірден өз орындарыңды адаспай табыңдар! Бәрің де ақ жолмен аппақ көгершін армандарыңа сүрінбей жетіңдер! Өйткені, біз мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып барамыз. Енді бізді алда өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр. Сол жолда әрбіріміз бақыт үшін, өмірден лайықты орын алу үшін күресейік, достар! Ал алтын ұя – мектебіміз бен аяулы ұстаздарымызды жүрегімізде мәңгі ұмытпай сақтаймыз.

   Аяулы ұстаздар! Сіздер жасаған еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс білдіреміз!

************

      Ұстаздың алғыс тілегі.

 

Алтын ұя мектептің тұлпарлары, дүлдүлі –

Жұлдыздары жүректің жетілдіңдер бүл күні!

Бірің – хакім, ал бірің болыңыздар ғұлама,

Мың дауыспен сайраған о, өмірдің бұлбұлы!

 

Ата-дәстүр бойынша сатпайды ұлан сүйегін,

Күй төгесің шанақтан – жақсы болды тиегің!

Құтты болсын тойларың шәкірттерім, көгершін,

Барлығыңды кеудеме басып, қысып сүйемін.

 

Сендерсіңдер тірліктің желкілдеген құрағы,

Ұстаздарың арманын өздеріңе ұлады!

Тойға ұлассын тойларың – ту қадаңдар биікке,

Жақсы туған жігітке жат жұрт келіп тұрады.

 

Оралыңдар отыздың ортасына толғанда,

Шүкіршілік етеміз жетсеңдер шың – арманға.

Ел – жұртың бар тілектес, жығылма өмір егесте,

Ал соңдарың айналсын қарақұрым орманға!

*************

Толығырақ...


SMS.копилка
«    Март 2011    »
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
 
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31
 
Құрметті қонақтар! "Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді" - дейді. Ал мың кісінің алғысы бір кісінің тон болып тәнін жылытпаса да, жанын жылытады. Көңіліңізден шыққан дүниелер үшін ризашылығыңызды білдіргііңіз келсе, төменде орналасқан жарнамалық сілтемелердің бірін түртуіңізге болады.
Пікір-ұсыныстарыңыз, сайтта жариялауға лайық әдемі тілектеріңіз болса,
мына электронды мекенжайға хабарласыңыз.


Құтты болсын, 2010
All rights reserved
Создание, разработка и поддержка by zDami