Жиі оқылатын сөздер
- Наурыз сценарийі
- Наурыз тойын тойлау үлгілері
- Наурыз туралы өлеңдер топтамасы
- Наурыз тойының сценарийі
- Мекемеде НАУРЫЗ тойын өткізудің бір үлгісі
- Наурыз тойына арналған өлеңдер топтамасы
- 8 наурызға құттықтаулар
- "Үркер" тобының орындауындағы Наурыз әнінің сөзі
- Наурыз көже неге жеті түрлі дәмнен жасалады
- Наурыз әзіл әні
Наурыз баталары
Наурыз келіп қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп жаз кірді,
Жаз періште «Әз» кірді
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Арық-тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапа-тармағай
Қабырға жаппай қалмағай.
Көтеремнің төрт бұты,
Ербегей де сербегей
Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет –
Қармен бірге қаңғырып,
Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей.
Жарапазан батасы
Қонақтасын берекет,
Қаша берсін пәлекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Ақыретке барғанда,
Қыл көпірден аман өт!
Міне, бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет,
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт.
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет.
Алла атымен бейнет ет.
Жоқ-жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым-қайғы болмасын.
Қабыл болсын оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
***** Мұзафар Әлімбаев
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!
******
Асанәлі Әшімов
Ұлыс күні құтты болсын,
Ақ кетпесін таңдайдан!
Ел іргесі мықты болсын,
Бақ кетпесін маңдайдан!
Аллаһу акпар!
******
Оразақын Асқар
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай.
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей.
Аллаһу акпар!
*****
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар.
*****
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәлі-жала жерге енсін!
******
Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Малың тоқ,
Уайым-қайғы жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!
******
Әуелі, құдай оңдай көр,
Оң жолына бастай көр,
Адасса жолға сала көр,
Сүрінсе қолдан ала көр!
Кездессе шайтан қаға көр!
Жұлдыздармен жалғастыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандардан адастыр!
*****
Бай қылсын,
Төрт түлік сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Бастарыңа бақыт қонсын,
Қастарыңа нөкер толсын.
Дұшпандарың жоқ болсын.
Көре алмаған қаскөйдің,
Іші күйіп шоқ болсын.
Ризық, нәсібің тасып,
Көңілдерің тоқ болсын.
Туған балаларың ер жетіп,
Өсіп үлкен ел болсын,
Бақталасың кем болсын.
Дәулетің шалқып, сел болсын,
Дастарқаның кең болсын!
*******
дастарханға-шаңыраққа бата
Бата берерде әркім «иә, құдайым», «иә, Алла», «иә, Тәңірім», «иә, жаратқан»
секілді бағыштау сөздерін әр батаның алдынан қосып айтуға ерікті.
********************
Уа, жаратқан ием құдірет
Тілегімді қабыл ет!
Иманымды кәміл ет!
................................
Наурыз бата
Халайық тез серпіліп, өңі кірер,
Шаруасы талапты ердің өрлей берер.
Ұлыстың ұлы күні жайлы болып,
Құдайым алаш жұрттың қолдап жүрер!
Қазағым, наурыз айың құтты болсын,
Малдарың аман төлдеп сүтті болсын.
Ағайын әрқашанда қоғамдасып,
Өзара ылғи тату-тәтті болсын!
Көз жасы жетім-жесір ие берсін,
Ұлыс күні дәулетті үйе берсін.
Есіркеп ғарыптарды қадыр Алла,
Оларға бие менен түйе берсін!
Әлеумет, бақ, орнатсын наурыз айы,
Оңды боп ел жұртымның, хал-жағдайы.
Қар кетіп, жер қарайып, күн жылынды,
Әр үйдің ойнақтасын тайлақ-тайы.
Жастарға нағашының батасы Ғұмар Ахметчин
«Дастарханның басында,
Не бір жақсы осында.
Мен бір бата берейін,
Дос-жарандар қасында:
Қос өрім жас – қос өркеш,
Қалижан мен Бәтима.
Бақыттың ашып қақпасын,
Ақ отауын көтеріп,
Құт босаға аттасын»,
«Еңбек етсін елмен тең,
Ерініп үйде жатпасын.
Дастарханы кең болсын,
Келгенде бұрып ат басын.
«Күлшашары» көп болсын,
Қуантар ата-анасын,
Айтып-айтпай не керек,
Сөзімнің болсын түйіні:
Зердеңе құй екі жас,
Нағашының батасын».
*****
Бауыржан Момышұлының батасы
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданында (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкерлері еріп жүреді. Ауыл ақсақалдарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгімесін тыңдайды.
Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінің үйінен дәм-тұз татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары атқарады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді:
Е, Жаратушы жасаған!
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды қабыл ет,
Дозақтағы оттан сақта,
Қаңғырған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
(Жұрт сотқа қарап күледі).
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Қара жүрек батылдан сақта,
Дәйексіз тіл тақылдан сақта.
Адалдықты арбағаннан ақыннан сақта,
Ашу жеңген ақылдан сақта,
Қайырымсыз жақыннан сақта.
Қате ісіне қиналмас,
Көк долы қатыннан сақта.
Халықты зәбірлер бастықтан сақта.
Жақынға жала жабатын
Қанқұйлы қастықтан сақта.
Сырты сұлу, іші кір,
Қадір білмес пасықтан сақта.
Өз пікірі татымсыз,
Кісі ақылымен күн көрер,
Татымы жоқ жасықтан сақта.
Несібе кесер кесірден сақта,
Жолы лас жесірден сақта.
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Жалқау бала намыссыз,
Ожданы жоқ ұлдан сақта.
Түнере атқан таңнан сақта,
Жаңбыры жоқ шаңнан сақта.
Әкімінде шапағат жоқ,
Әділдікте шарапат жоқ,
Молдасында шариғат жоқ,
Байларында салауат жоқ,
Кедейінде қанағат жоқ,
Үлкенінде ұлағат жоқ,
Кішісінде инабат жоқ,
Азаматында ар-ұят жоқ,
Көршісінде қошемет жоқ,
Қариясында бата жоқ,
Сөздерінде пәтуа жоқ,
Құр айқай, шат-шәлекей даңнан сақта.
Е, Жартушы жасаған!
Өмір берсең – жайлығын бер,
Дәулеті мен байлығын бер.
Еңбегіміз өністі болсын,
Қамбамыз жемісті болсын.
Көсегеміз көркейіп,
Мыңғырған мал өріске толсын.
Қарияны кемел, сыпайы ғып бер,
Ағаларды райлы ғып бер,
Апаларды мейірлі ғып бер,
Жезделерді зейінді ғып бер,
Құдағиды кең пейілді ғып бер,
Қарындасты көрікті ғып бер,
Інілерді бөрікті ғып бер.
Әйелді ақ некелі ғып бер,
Баланы қаны толық шекелі ғып бер.
Жиендерді жетелі ғып бер,
Күйеулерді көшелі ғып бер,
Екі айтпайтын еселі ғып бер,
Келіндерді келісті ғып бер.
Қыздарды бақытымен
Ұрпағы көп өрісті ғып бер.
Аттарды желісті ғып бер,
Ағаштарды жемісті ғып бер,
Төскейде төл көбейсін.
Жайқалтып дала егісті ғып бер,
Дәні толық өністі ғып бер.
Ұрпақтарды намысты ғып бер,
Тұлпарды табысты ғып бер.
Жомарт болсаң, Жасаған!
Айтқанымның барлығын,
Ағайынды ақаусыз
Өнегелі өмірмен тату-тәтті,
Табысты ғып бер!
Қайтып кірер есікті қатты серіппе
Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасқа келгенде Ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, өзі білімді би бар деген данқын естіп, содан барып бата алуға жолға шығады. Ол қазақ пен қалмақтың жауласып жатқан кезі болса керек. Бұлардың барар жолын қалмақтар басып алып, олар өте алмай үйіне қайтып келіп үш жыл жатады.
Төртінші жылда жол ашылып, Жәнібек он алты жасында қара бидің еліне келеді.
- Шырағым кімнің ұлысың?- дейді Қараби.
- Қошқарұлы Жәнібекпін, деп жауап береді бала.
- Мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім, неге кешіктің?
Жәнібек себебің айтады. Қараби қонақасын беріп,ертеңіне:
- Не қалайсың, шырағым? – дейді.
- Сізден бата алайын және өсиет боларлық өз аузыңыздан сөз естиін деп келіп едім, - дейді Жәнібек.
Сонда Қараби батасын беріп былай деген екен:
Бедері жоқ қамқадан,
Берік тоқылған бөз артық.
Берекеті жоқ ағайынан,
Берік сөйлескен жат артық.
Пайданы алыстан қылғайсың,
Залалды жақыннан қылғайсың.
Тышқан да інінің айналысына оттамайды,
Оны да есіңе алғайсың.
Қайтып кірер есікті,
Қатты серпіп жаппайсың.
Қайтып көрер досыңа,
Қайрылмастай сөз айтпағайсың.
Осыны есіңе ала жүрсең, ешкімнен
Кем де, қор да болмайсың.
Білгендерден ғибрат ал
Абыз жүз жиырма жасқа келіп отырған шағында Әсер би көрісе кеп, былай деген екен:
- Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды. Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, - депті.
Сонда Абыз былай дейді:
Ата – ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Балалықтың қадірін
Саналы болғанда білерсің.
Асыл менен жасықты
Бағалы болғанда білерсің.
Бостандықтың қадірін
Жабылғанда білерсің.
Қалтандағы ақшаңды
Қағылғанда білерсің.
Денсаулықтың қадірін
Ауырғанда білерсің.
Ақ бекетінің қадірін
Қан кеткенде білерсің.
Ақ білектің қадірін
Әл кеткенде білерсің.
Жиырма бестің қадірін
Жас өткенде білерсің.
Қара көздің қадірін
Нұр кеткенде білерсің.
Татулықтың қадірін
Дос кеткенде білерсің.
Жақсы әйелдің қадірін
Өлгеніңде білерсің.
Жақсы туыс қадірін
Көмгенінде білерсің.
Аяқ – қолдың қадірін
Ақсағанда білерсің.
Отыз тістің қадірін
Қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін
Тоқтағанда білерсің.
Білгеніңді сөйлеп қал,
Білгендерден ғибрат ал!
Тұманбай ақсақалдың Елбасына берген батасы
Атырау облысының Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылының тұрғыны Тұманбай ақсақалдың Елбасына берген батасы
- Көрейін деп келдің бе,
Кіші жүздей еліңді.
Келсең, міне, біз әзір,
Құшақ жайып қарсы алар,
Сегіз жасар баласы,
Сексенде қарт атасы,
Ақ самайлы анасы,
Берейін деп әзір тұр,
Қолын жайып батасын.
...Патша болсаң, әділ бол,
Қара қылды қақ жарған.
Біреуі былай болмасын.
Саған келген қатерді,
Ғайып ерен, қырық шілтен
Айсамен қағып қорғасын.
Мәдинеде – Мұхаммед,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңғыстауда – Пір Бекет.
Атырауда – Исатай.
Бұрынғы өткен бабалар,
Аруағы сені қолдасын.
....12 бала өсірген,
Еркелігін кешірген,
Желге қарсы мал жайған,
Бейнеткер ағаң мен едім.
Елден шыққан сұлтанды,
Көріп қалсам деп едім.
Оң жағыңнан оралып,
Бетінен сүйсем деп едім.
Әумин!
Тілегеніңе жете бер Тамада кітабынан
Жете бер аңсап күткен тілегіңе,
Қылаудай дақ түспесін жүрегіңе.
Отанның, ел-жұртыңның мақтаны бол,
Алды бол қатарыңның бұл өмірде.
Себездеп алтын ара жан-жағыңнан,
Ту тіккен алаулаған арманыңнан.
Кеудеңде махаббаттың шоғы маздап,
Биіктен биіктерге самға, қыран.
Ізгі боп лебізіңді сағынатын,
Жігіт бол дос, дұшпаның табынатын.
Айналсын ар туына адалдығын,
Адам боп ұялатқан жанына күн.
Жүр асқақ күншілдердің басып мысын,
Жүректің түпкірінен жаһұт ұсын.
Таба біл тіршілікте керегіңді,
Басыңнан арылмасын бақыт құсың!
Бата кітабынан Тамада кітабынан
Сәби келді өмірге,
Сәби келді!
Бір күй кернеп, шалқытты ән іргемді.
Анасы аман босанды, қалжа жесін,
Ат ұстайтын азамат бар үйде енді.
Сәби келді шыр етіп, дүрліктіріп,
Өзінің кім екенін тұрды ұқтырып.
«Сүйінші» - деп
Шапқылап бара жатыр,
Інішегім тайына ырғып мініп.
Той басталды толайым –
Шілдехана,
Бала бақыт,
Мейлі ұл, қыз болса да,
Ағайын айналаға ат шаптырып,
Қуансын «Сүйінші» деп жүз босаға.
Шілдехана қосады ой-тілекті,
Бауы берік болсын, деп
Тойшы кепті!
Өмірге тағы да бір қазақ туып,
Сананы салтанатпен серпіп өтті.
Шілдехана – ұлы той, жан ұшқыны,
Желкілдеді ауылдың намыс туы.
Жігіт болар ертең-ақ,
Аман болсын,
Көрінген таудың бар ма алыстығы!?
Әумин
|
||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Пн | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб | Вс |
|
|
|
||||
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
мына электронды мекенжайға хабарласыңыз.
Құтты болсын, 2010
All rights reserved