Бата кітабынан Тамада кітабынан

 Шілдехана

Сәби келді өмірге,

Сәби келді!

Бір күй кернеп, шалқытты ән іргемді.

Анасы аман босанды, қалжа жесін,

Ат ұстайтын азамат бар үйде енді.

 

Сәби келді шыр етіп, дүрліктіріп,

Өзінің кім екенін тұрды ұқтырып.

«Сүйінші» - деп

Шапқылап бара жатыр,

Інішегім тайына ырғып мініп.

 

Той басталды толайым –

Шілдехана,

Бала бақыт,

Мейлі ұл, қыз болса да,

Ағайын айналаға ат шаптырып,

Қуансын «Сүйінші» деп жүз босаға.

 

Шілдехана қосады ой-тілекті,

Бауы берік болсын, деп

Тойшы кепті!

Өмірге тағы да бір қазақ туып,

Сананы салтанатпен серпіп өтті.

 

Шілдехана – ұлы той, жан ұшқыны,

Желкілдеді ауылдың намыс туы.

Жігіт болар ертең-ақ,

Аман болсын,

Көрінген таудың бар ма алыстығы!?

Әумин

 

 

Толығырақ...


Той-қазына кітабынан Тұсау кесерге

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асылардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

                     *****

Толығырақ...


Той-қазына кітабынан Шілдехана

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті:

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер-білімге икемді болсын,

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өрен, өршіл, өркенді болсын!

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын!

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын,

Шұғылалы шуақты күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын!

                            ******

Бір үйдің баласы болма,

Бүкіл елдің санасы бол!

Бір елдің баласы болма,

Бар елдің данасы бол!

Бір тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол!

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала!

Өзегің толса, елдің ішін арала.

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол!

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

                     ****

Аламан болып ер жетсін,

Ақсақал болып төрлетсін!

Қас батырдай көрікті,

Ғұмыры болсын берікті!

Азамат болсын аруақты,

Мінезі болсын салмақты.

Өнері болсын жан-жақты,

Осы айтқанның бәрі қабыл болып,

Аллаһ Тағала берсін зор бақты!

                      ******

Толығырақ...


Қыз балаға бата

Талдай бой берсін,

Сұңғыла ой берсін,

Жаздай жамал берсін,

Қардай жанар берсін!

Анаға шуақ болсын,

Ағаға қуат болсын,

Нәзік жаны болсын,

Елінің ары болсын,

Басына өнердің бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын!

Толығырақ...


Ұл балаға бата

Жорытқанда, балам, жолың болсын,

Қалтаң байлыққа толсын,

Бір толмасын, жылда толсын,

Өмір жасың ұзақ болсын!

Қатарыңнан озған өрен бол,

Қыз көзіндей терең бол,

Сынай қалса – құлақ сал,

Мақтай қалса – керең бол!

Әумин!

***

Азамат болып ер жетсін,

Ақсақал болып төрлетсін,

Азамат болып көрікті,

Ғұмыры болсын берікті.

Азамат болсын ардақты,

Мінезі болсын салмақты,

Өнері болсын жан-жақты,

Осы айтқанның бәрі

Қабыл болып,

Алла берсін зор бақты!

Әумин!

******

Толығырақ...


Ұл балаға бата

Жүсіптің дидарын берсін,

Ибраһимнің иманын берсін,

Пайғамбардың кеңдігін берсін,

Әзірет Әлінің ерлігін берсін!

Абылайдың байрағын берсін,

Батыр Бауыржанның айбарын берсін!

Еліне ырыс-құт орнасын,

Жеріне тыныштық орнасын!

Өсек-аянның құрбаны болмасын,

Озбырлардың шұлғауы болмасын!

Көлденең келер қазадан,

Жазықсыз төнер жазадан

Алла Тағала қорғасын,

Абыройын асырып қолдасын!

************


Толығырақ...


Тұсау кесер батасы

Тұсауың кесілді, құлама,

Тізеңді жаралап жалама.

Құлындай құлдырап жүгірші,

Кәніки, өзіңді сына да.

Секірсең құздардан сүрінбе,

Шыңдарға шыққанда бүгілме.

Болаттай қабырғаң қатайып,

От ұшқын ойнасын түріңде,

Ұзақ боп ИншаАллаһ өмірің,

Тасысын шаттықтан көңілің.

Жарқырап күн санап өсе бер,

Жарқырап семсердей сенімің.

Әумин

Толығырақ...


Бесікке салар батасы

Құтты болсын бесігің,

Артық болып несібің,

Дастарханың жайылып,

Ашық болсын есігің,

Өре берсін балалар,

Дұшпандарың болмасын,

Күншілдікпен табалар.

Алпамыстай тағы да,

Ұл артынан ұл тапқын.

Жарқыраған Шолпандай,

Қыз артынан қыз тапқын

Құтты болсын бүгінгі,

Шілдехана тойларың.

Тілектерің қабыл боп,

Орындалсын ойларың.

Әумин

Толығырақ...


Сүндет батасы

Бисмиллаһир-рахманир-рахим

Мұсылман болдың, қарағым,

Кәне бері қарағын.

Шырағын жағар ұлысың,

Ата менен ананың.

Таудай болсын талабың,

Алтын менен күмістен,

Жасалсын барлық жарағың.

Көрімдігің мінеки,

Бар ма тағы қаларың?

Қой сұрасаң, қой берем,

Тай сұрасаң, тай берем,

Зат сұрасаң, зат берем.

Ат сұрасаң, ат берем.

Батырлығың байқалса.

Сауыт берем Ақберген.

Мұратыңа жете бер,

Күннен-күнге өсе бер,

Ұзақ болып өмірің,

Өміріңнің түйінін,

Өз қолыңмен шеше бер.

Әумин.

***********

Толығырақ...


шілдехана тойына бата

Анасының аяулы

Жарып шыққан кемерін,

Қадам басып өмірге,

Жас шыбықтай бүр жарып,

Жаңа жайған желігін,

Торсық шеке, ақ маңдай,

Өсе берсін бөбегің.

Өмірі ұзақ болсын деп,

Көңілі нұрға толсын деп,

Ақ батамды беремін.

Азамат боп ер жетсін,

Қиын кезде жолдастан

Аямайтын көмегін.

Тойың тойға ұлассын,

Бола берсін дегенің!

Аллаһу ақпар!

 

Толығырақ...


Пікір-ұсыныстарыңыз, сайтта жариялауға лайық әдемі тілектеріңіз болса,
мына электронды мекенжайға хабарласыңыз.


Құтты болсын, 2010
All rights reserved
Создание, разработка и поддержка by zDami