наурызға тілек
Наурыз көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамы ретінде бағзы замандардан тойланып келеді . Бұл мерекенің дінге, не болмаса жекелеген ұлттарға еш қатысы жоқ.
Адамзат өзін табиғаттың төл перзенті деп санайды. Табиғаттан құдіретті не бар дейсің . Адамдар табиғатқа тәуелді. Біздерге жарық күн, кең дала, асқар тау, жасыл орман, айдын көл... сыйлағаны үшін де оның алдында қарыздармыз.
Сол жарықтық табиғаттың түлеп, жаңаратын шағы – осы Наурыз. Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі ииді. Аспан денелері ең бастапқы нүктелерінде тоғысады. Күн мен түн теңеледі. Жан-жануарлар төлдерін өргізеді. Жер үстіне тілмен айтып жеткізгісіз керемет бір шаттық орнай қалады. Наурыз деп отырғанымыз, Жаңа күн деп жар салатын қуанышымыз – осы.
Өзіңіз ойлаңызшы, баршамызды бауырына басып, сұлулыққа, көркемділікке, тазалыққа ұмтылдырып отырған Табиғатымыз жаңарған, жайнаған, нұрланған сәттен артық Ұлы күн, аяулы күн бар ма екен, сірә?!
Наурыз – жылдың алғашқы күні. Түптен келгенде, біздің нағыз Жаңа жылымыз осы Наурыз болуы қажет... Түбінде осы мерекеге келуіміз керек. Бұл халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі болып саналады.
Төбесі көрініп тұрған жақсылықты лайықты қарсы алу, осыған мәз-мейрам әзірленудің өзі ғанибет. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Той болғандай қандай той – Наурыз тойы!
Санаулы күндерден кейін Әз Наурыз дүние есігін ашады. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттайды. Жаңа күн төңірекке нұр-шапағатын төгеді. Жер бетіне жақсылық ұялаған күнді қарсы алайық.
*******
Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, жеттің бе, әз-Наурыз!
Ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттанып, тізбектеп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жеттің бе, әз-Наурыз!!!
*****
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің. Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
Әр жыл сайын жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан Елордамыздың ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен асқақтай бермек. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін!
*****
Жиі оқылатын сөздер
мына электронды мекенжайға хабарласыңыз.
Құтты болсын, 2010
All rights reserved